Оның айтуынша, балалардың әл-ауқатын және осы бағыттағы ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін бағалау үшін 2021 жылы балалардың әл-ауқаты индексі енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды, оның шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы барлық бала арасында бөлінеді. Кәмелетке толғаннан кейін бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Қазір республикада 6,9 млн бала бар. 2027 жылға қарай олардың саны 8 миллионға дейін жетеді деген болжам жасалды.
«Мен балаларымыздың құқықтарын қорғаудың кейбір аспектісіне тоқталғым келеді. Біріншіден, ол – балалардың білім алу құқығын іске асыру. 2022 жылдан бері енгізіліп жатқан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі оң нәтиже көрсетті. Ойын мен түрлі іс-шара арқылы білім беру процесін ұйымдастыру балалардың физикалық, зияткерлік және жеке дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру саласында балаларды ерте жастан тәрбиелеу мәселелері бойынша педагогтер мен ата-аналарға бейімделген бағдарлама әзірлеу басталды. Бағдарламаның мазмұны мәдени дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып әзірленген», – деді спикер.
Елімізде 7 849 мектепте 3,8 млн бала оқиды. Бұл салада орындардың тапшылығы, үш ауысыммен оқу және мектептердің апаттылығы негізгі проблемалар болып табылады. Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарындағы оқушылардың 80%-ы тегін оқиды. Бизнеспен ынтымақтастықта өзара іс-қимылдың әртүрлі нысандары қолданылады: дуальды оқыту, кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы, мақсатты мемлекеттік тапсырыс.