Ол Моңғолиядағы жабайы жылқыларды реинтродукциялау жөніндегі алғашқы науқанға қатысқан. Спикер идеяның пайда болу тарихымен, кезіккен қиындықтарымен және туындаған мәселелерді шешу жолдарымен бөлісті.
Мирослав Бобэк жабайы жануарларды жерсіндіретін орынды таңдау қалай жүргізілгенін де түсіндірді.
«Алдағы жылдары Қазақстанға кемінде 40 Пржевальский жылқысы тасымалданбақ. Біз Пржевальский жылқыларын реинтродукциялау үшін бірнеше жерді қарастырып, араладық. Даланы сақтау үшін көптен бері жұмыс істеп келе жатқан ең қолайлы аумақ ретінде «Алтын даланы» таңдадық. Онда бұған дейін керқұланды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Инфрақұрылым әзірленді», – деді спикер.
Ұшақтар қонатын алаңда ат қораптарын жүк көліктеріне тиеп, оларды шығаратын жерге дейін апару керек.
Айта кетерлігі, Моңғолияға біртіндеп 38 жылқы жеткізілді, олардың саны уақыт өте келе 10 есе өсті. Сол кезде жануарларды тасымалдауға Чехия көлік авиациясының мүшелері қатысты.
Чехияның 24-ші көлік авиациясы базасының қолбасшысы Ярослав Фалта атап өткендей, олардың бұл салада тәжірибесі мол.
«2022 жылы біз жануарларды Испаниядан Прага хайуанаттар бағына көшірдік. Осы жылдың маусым айында 8 Пржевальский жылқысын Қазақстанға тасымалдайтын боламыз. Бұл үшін біздің 24-ші көлік авициясы базасы жауапты болып тағайындалды. 4 мың шақырымға ұшу үшін 2 рет жанармай құю жоспарланған. Жобаның сәтті жүзеге асатынына сенім бар», – деді Ярослав Фалта.