Орталықта білім беру бағдарламалары келесі басым бағыттар бойынша жүргізіледі: пәндік-кеңістіктік даму ортасы, арт-педагогикалық технологиялар, арнайы және инклюзивті білім беру. Еліміздің 17 өңірінде 10 бағдарлама бойынша тегін оқыту 26 ақпанда басталды. Биыл мектепке дейінгі ұйымдардың 11 000-нан астам педагогін қамту жоспарланған.
«Курс басталған күні 1453 педагог оқуға кірісті. Курстардың бағдарламалары оқытудың инновациялық және ойын түрлеріне бағдарланған және бала дамуының жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып құрылған. Алғаш рет мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының жаңа тәсілдерін енгізу бойынша өтпелі тақырыптарды қосу арқылы 5 модульдік бағдарлама жасалды», – деп атап өтті «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы.
Оқу аяқталған соң тыңдаушыларға 9 ай бойы курстан кейінгі жеке қолдау көрсетіледі. Курстан кейінгі қолдаудың бастапқы кезеңі тыңдаушылардың курс оқытушысымен бірге жеке даму жоспарын құру болып табылады. Бұл үшін 28 академиялық сағат бөлінеді. Педагогтерге дамудың жеке траекториясын анықтау бойынша әдістемелік қолдау мен консультациялық көмек беріледі.