Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын күшейту бағытында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірлеп, оқу жылынан бастап 20 мың білім беру ұйымдарына енгізген болатын. 

«Осы бағдарлама «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық» идеяларының білім ұйымдарында тәрбиенің өзегіне айналдырудың басты платформасына айналады. Бұл үшін «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүйелі іске асыру мақсатында тәрбие ісімен шұғылданатын 90 мың педагог бағдарламаның қыр-сырын ашатын курстан өтті. Бұл мамандар кеңейтіліп, қайта ұсынылатын тәрбие жұмыстарын іске асыруда дайындығы жоғары екенін атап өтеміз. Бағдарлама шеңберінде бірлескен жоспарлар қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарды мектептегі тәрбие жұмысына жұмылдыру қолға алынды», – деді спикер.

Одан бөлек, барлық мектепте Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Ата-аналарды қолдау орталығы» ашылып, ата-ана, бала және педагог арасындағы үштік одақ жұмысы жолға қойылуда.

Балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру үшін «Балалар кітапханасы» бағдарламасы әзірленіп, әдебиеттің түрлі кезеңі мен жанрларын қамтитын кітаптардың 1700-ден астам аталымнан тұратын көркем әдебиеттер тізімі жасақталды. 

«Аталған тізімді әзірлеуге М.Әуезов атындағы Әдебиет институты, Жазушылар Одағы өкілдері, мектеп кітапханашыларынан құралған тәуелсіз комиссия шұғылданды. Тізімде балалар әдебиеті; поэзия және проза, драматургия; көркем публицистика; көркем аудармалар; ұлттық фольклор қамтылды. «Балалар кітапханасы» бағдарламасы мен көркем әдебиеттер тізімі бекітіліп әкімдіктерге іске асыру үшін жолданды», – деді вице-министр.

Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға ұлғайту көзделіп отыр. Жуырда Министрлік балалар әдебиеті, балаларға арналған басылымдардың редакторлары, қаламгерлерімен кездесіп өскелең ұрпаққа қажетті басылымдарды арттыру мәселесі бойынша келелі кеңес өткізіп, нақты істер жоспарланды.