Тұжырымдама жобасы ағымдағы ахуалды талдау, халықаралық тәжірибеге шолу жасау, жасанды интеллекті дамытуды іске асыруды пайымдау, саланы дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, нысаналы индикаторларды және күтілетін нәтижелерді қамтиды. Сондай-ақ, тұжырымдама жобасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау көзделген, ол 5 негізгі бағыттан тұрады: Инфрақұрылым, деректер, адами капитал, ҒЗТКЖ, жасанды интеллект экономикасы.
«Сонымен қатар Министрлік ведомство сараптамалық қоғамдастық және ҚР Парламенті Мәжілісінің Парламентаризм институтымен бірлесіп, цифрландырудың басты қағидаттарын бекітетін тұтас салалық құжатты әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Цифрлық Кодексті әзірлеу заң жобалау жұмыстарының 2024 жылға арналған жоспарының жобасына енгізілді. Бұл құжат келесі блоктардан тұрады: Жалпы ережелер (тұжырымдамалық аппарат, негізгі міндеттер мен принциптер, құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері, құқықтар мен міндеттер), негізгі бөлім (цифрлық үкімет, деректер, ЖИ, цифрлық инфрақұрылым және құралдар, киберқауіпсіздік). Осы құжат шеңберінде жасанды интеллект технологияларын қолдану, жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіз жұмыс істеуі жөніндегі нормалар, жасанды интеллект этикасы қағидаттары, жасанды интеллект технологияларын пайдалану саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделетін болады», - деді спикер.
ҚР Мәжіліс депутаттары Министрлікпен бірлесіп, ҚР аумағында жасанды интеллекті құру, дамыту және пайдалану кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған заң жобасын әзірлейтінін атап өткен жөн.