Оның мәлімдеуінше, алдын ала есептеулерге сәйкес 3 мың адамға 1 млрд теңге шамасында қаражат төленеді. Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға 2 пункт құрылып, барлығы 300 тоннаға жуық тауар жиналды. Оның 215 тоннасы мұқтаж тұрғындарға таратылды. Бұл жұмысқа 8 524 волонтер ат салысуда.
«Сонымен қатар «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры ашылғалы, 5 күн ішінде 317 млн теңге қаржы жиналды. Аталған қаражат бұзылған үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес зардап шеккен тұрғындардың барлығына шығындарды өтеу жүргізіледі. Сонымен қоса, облыстағы екі ірі су қоймасының деңгейі 97%-ға жетіп отыр. Ақтөбе су қоймасы бойынша қауіп жоқ, деңгейі 238 млн текше метр немесе 97%-ды құрап отыр. Қауіп Қарғалы су қоймасында сақталуда. Түндегі жауын-шашынның әсеріне су деңгейі 3 млн текше метрге көтеріліп, 270 млн текше метр немесе 97%-ға жетті. Келісі шығысы деңгейлері секундына 350 текше метр деңгейінде теңестіріліп, артық су қорын сақтамай, транзиттік режимге көшірілді»,-деді спикер.
Тәуекел аймағында Ырғыз ауданының Мамыр және Нұра елді мекендері де бар. Аталған ауылдарда өзен жағалауларын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша барлығы 15 мыңнан астам адамға арналған 86 уақытша қабылдау пункті дайындалды. Бүгінде 10 мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам бала қауіпсіз аймаққа көшірілді. Құтқару жұмыстарының арқасында адам өліміне жол берілмеді. Сонымен қатар 10 мыңнан астам қауіпсіз аймаққа айдалды. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртібімен жұмыс істеуде. Су тасқынының зардаптарын жоюға бағытталған жұмыстар бақылауда.