Оның айтуынша, жалпы алғашқы лекте 11 баланы сауықтыру орталықтарына Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 600 бала қабылданады. Министрлік «Қазақстан темір жолы» ҰК бірлесіп, балалардың сауықтыру орталықтарына тегін жеткізілуін ұйымдастырды. 

«Балалар сапалы білім алуы үшін қажетті оқу-құралдарымен, тамақтанумен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Эвакуациялық пунктердегі балаларды республикалық маңызы бар инновациялық мектеп лицейлерінің жатақханаларына орналастыру және оқу процесін ұйымдастыру мәселелері шешілуде. Бүгін «Дарын» мамандандырылған мектептері балаларды қабылдай бастады. Осы сәтті пайдалан отырып, педагогтар мен білім саласының барлық қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіреміз. Бүгінде білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысуда, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пунктерде жұмыс жасауда», – деді спикер. 

Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс жасап жатыр. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылды. Зардап шеккен елді мекендердегі балалар қажетті оқу-құралдарымен, сондай-ақ қашықтықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.