Ұлытау ауданы әкімінің м.а. шешімімен 29.03.2024ж Жезді кентінде аталған оқиғаға байланысты Төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда, келтірілген шығынды анықтау мақсатында облыстық комиссия құрылып, су басқан үйлер, автожолдар және суға кеткен мал басын санау жұмыстары жүргізілуде. Толық ақпарат комиссия жұмыссының қорытындысы бойынша апта соңында белгілі болады.
«Су тасқыны кезеңінде автожолдардың 14 учаскесінде су тасу жағдайлары тіркелді. Оның ішінде 2 учаскеде жолдардың су тасу жағдайы бақылауда қалады: облыстық маңызы бар– 1, аудандық маңызы бар – 1. Сонымен қатар 8 учаскедегі автожолдардың шайылу жағдайы орын алды. Оның ішінде 2 учаскедегі автожолдардың шайылуы бақылауда қалады: облыстық-1, аудандық-1», – деді спикер.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында барлығы 138 бірлік техника, 418 адам жұмылдыра отырып, 25 елді мекен мен шаруа қожалықтардан 157 адам, оның ішінде 73 бала эвакуацияланды. Су тасқыны кезеңінен бүгінгі күнге дейін қауіпсіз орынға 990 мал басы оның ішінде: 405 бас ірі қара, 524 бас ұсақ мал және 61 бас жылқы айдалды.
«Тасқын су салдарынан қатынассыз қалған зардап шеккен адамдарды эвакуациялау және құтқару, сонымен қатар су тасқыны салдарын алдын алу мақсатында ағымдағы жылы облыс әкімінің ұйымдастыруымен Жезқазған қаласының әуежайында орналасқан МИ-8 тікұшағы жұмылдырылып, су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Шолу барысында су тасқынына бейім елді мекендер анықталып, қала аудан әкімдерімен құзіретті мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар қойылды», – деді ведомство өкілі.
Аталған жұмыстар барысында барлығы 13 елді мекенде су тасқыны қаупі сейілтіліп, 12 жол учаскесі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы негізгі Қаракеңгір, Сарысу, Жезді өзендерімен 25 гидротехникалық құрылым бақылауда, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. «Қазгидромет» АҚ деректеріне сәйкес гидропосттарда су деңгейінің жалпы төмендеуі байқалады.