Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек берілуде. Бүгінгі таңда 677 отбасыға 125 млн теңге қаржы төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

«Сондай-ақ қайырымдылық қорлары, кәсіпкерлер, жеке тұлғалар тарапынан  279 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілді. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 5589 адам, 887 техника жұмылдырылды, оның ішінде 422-сі – арнайы техникалар», – деді спикер

Қазіргі уақытта су тасқынының екінші кезеңіне дайындық күшейтілген қарқында жүргізілуде. Ресейдің Орынбор облысынан келіп жатқан сулар Жайық өзені арқылы өтіп, Каспиге бет алады. Ол облысқа 17-19-сәуір аралығында келеді деген болжам бар. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см-ді құрайды. Оның жағасын нығайту бағытында 80 шақырымға жуық дамба салынды. Өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жалғасуда.  

Қазіргі уақытта Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев барлығын өз бақылауына алып, су басу қаупі бар аймақтардағы жағдайды бақылауда ұстауда. Өңірге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов жұмыс сапарымен келді. Жедел штаб су тасқынына дайындық барысын тексеруде.