27 наурыздан бастап еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарындағы су қоймаларына 15,9 текше шақырым су келді. Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ете отырып, 92% су жинады. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген, бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында еліміздің су қоймаларындағы ахуал жайында баяндады.
Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту үшін мүмкіндік береді.
«Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд теңгеден асады. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға мүмкіндігі бар Жайық-Көшім сағалық суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды»,-деді спикер.
Шығыс Қазақстан облысында 10 - сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан табиғат қорғау іс-шаралары үшін су жіберу жүзеге асырылады. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығы үшін қажетті мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, су тасқыны Шідерті-Өлеңті аймағын тиімді суландыруға және Әулиекөл көлдерін толықтыруға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі өтті, қазір су қоймалары 100% толды. Ағындардың өсуі күтілмейді. Жиналған су жыл бойына аймақ экономикасының қажеттіліктерін толығымен өтеуге мүмкіндік береді.
«Ұлытау облысында Кеңгір су қоймасын пайдалану тарихында алғаш рет 270 млн текше метр көлемінде ең көп су жіберу жағдайы тіркелді. Осыған байланысты, Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады. «Ал Іле трансшекаралық өзенінің ағыны Алматы облысының Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуге мүмкіндік берді,-деді ведомствоның ресми өкілі.
Жалпы, тасқын суы барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жатыр. Яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір су қоймаларында жиналған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.