Ақтөбе облысының алты ауданы мен Ақтөбе қаласында төтенше жағдай сақталуда. Қазіргі уақытта тек Ырғыз ауданы су тасқынына тосқауыл болар шараларды атқарып жатыр. Құйлыс, Жайсаңбай және Белшер ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Күштер мен арнайы техникаларды тарта отырып, жалпы ұзындығы 15 шақырым жағалауды нығайтатын бөгет салынды. 78 мыңнан астам қап төселіп, 62 мың тонна инертті материалдар жеткізілді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева ОКҚ алаңында хабарлады.
Су тасқынынан зардап шегіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға біржолғы әлеуметтік төлем беру жұмыстары жалғасуда. Жергілікті өкілетті органдардың шешімдері негізінде бүгінгі күні 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын өтемақы 1881 азаматқа берілді. Төлем сомасы 613 млн теңгеден асты.
11 сәуірден бастап комиссия шешімімен 215 ақтөбелік отбасына 433 млн 284 мың теңге сомасында материалдық шығын өтелді. Бір реттік әлеуметтік төлемнен бөлек, бүлінген мүлік, жасалатын жөндеу жұмыстарына да ақша берілуде. Құрылған арнайы комиссия қорытындысына сәйкес, мал иелеріне келтірілген залалға өтемақы төлеу жұмыстары басталып кетті. 246 мал басына, яғни ірі қара және ұсақ мал, жылқы мен түйеге 35 миллион теңгеге жуық ақша төленді. Жалпы бұл мақсаттарға 2,2 млрд теңге қарастырылған.
«Шаруалар да көмектен тыс қалып жатқан жоқ. Қазіргі таңда облыс бойынша 3 232 бас малдың өлген болса,оның дерлік барлығының көзі жойылды. Оған арнайы инсиниратор әкелінген болатын. Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Өңірде эпизоотиялық және эпидемиологиялық жағдай тұрақты», – деді спикер.
Ырғыз ауданында азық-түлік түрінде 22,2 тонна гуманитарлық көмек және 23 тонна жанар-жағар май жеткізілді.
Су тасқыны салдарынан шамамен 2 451 үй зардап шекті, оның ішінде жеке тұрғын-үй құрылыстары мен саяжай үйлері бар. 595 үй салу жоспарлануда. Өткен аптада өңір басшысы Асхат Берлешұлы Шахаров Ойыл және Қобда аударында жұмыс сапарымен болды. Қобдада 69 үйдің қазығы қағылды. Мұнда 150-ге жуық үй бой көтереді.