ІІМ ақпараттық кеңістікке де мониторинг жүргізуде. Жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Күрделі су тасқыны жағдайына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап жалған ақпарат таратқаны үшін барлығы 2 қылмыстық іс және 13 әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы  ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«ІІМ интернет-алаяқтардың жаңа схемалары туралы ескертеді. Өтемақы төлеуді күткен адамдарға алаяқтар белгілі бір мемлекеттік органның атынан қоңырау шалып, адамның су тасқынынан зардап шеккендердің тізімінде тұрғанын растау үшін SMS-тен код жазып жіберуін ұсынуы мүмкін. Шындығында, осы кодтың арқасында алаяқтар жәбірленушінің атына көп мөлшердегі несие рәсімдей алады. Дегенмен, білу маңызды: мемлекеттік органдар мен банктердің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия деректерді беруді талап етпейді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми түрде шешіледі: жеке сапармен немесе ресми веб-ресурстарды пайдалану арқылы. Sms-ке келетін кодтарды ешкімге хабарлауға болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтуге болмайды. Телефоныңызға қауіпті вирустер өтіп кетеді, бұл алаяқтарға телефон иесінің атынан банктік операциялар жасауға мүмкіндік береді», – деп ескертті спикер.