Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада өткен Үкімет отырысы барысында Қазақстанда 2023-2024 жж. жылыту маусымының өтуі туралы есеп берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең тұрақты өтті, энергетикалық кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмеді. Орын алған технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. Энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілді.
Максимум электр жүктемесі 2023 жылдың 13 желтоқсанында 16 626 МВт-қа жетті, бұл өткен жылғы деңгейден 1%-ға көп.
Электр энергиясының жоспарлы импортының арқасында электр станцияларында барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын орындауға мүмкіндік туды, бұл осы жылдың 4 айында өндірісті өткен жылғы деңгейден 4%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Электр станцияларының жұмысына энергетикалық бақылауды күшейту температуралық кестені сақтамау жағдайларының санын 87%-ға төмендетуге қызмет етті.
Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар 1070 жағдай деңгейіне дейін, 45%-ға төмендеді. Көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тексерулер жүргізді және осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін ұсынымдар берді.