Биыл талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік бар. ҰБТ-ны мамыр, маусым және шілде айларында тапсыруға болады.
«Қазіргі таңда 330 мыңға жуық өтініш түсті. 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға өтініштерін берді. ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі. 3 рет ақылы негізде. Біз биыл қаңтар, наурыз айларында өткіздік. Оған да мектепті бітіргендер, бұрын бітіргендер, колледж бітірушілері өте белсенді қатысты», – деді спикер.
Бір мезгілде 5 172 компьютер тестілеуді өткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 20 мыңға артқан, оның себебі – елімізде демографияның өсуі. ҰБТ 5 пәннен тұрады: «Қазақстан тарихы», «Оқу сауаттылығы», «Математикалық сауаттылық» және 2 бейінді пән таңдауға болады.
Қазіргі таңда талапкерлердің 16%-ы «Математика-Физика», 16% астамы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы «Биология-Химия» болып өзгерді.
Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Жалпы 120 сұрақ беріледі. Қатысушылар тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады.
Тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 бала қатысса, 2023 жылы олардың саны 500 адамға жетті. Оларға арнайы орындар дайындалып, жағдай жасалды. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы енгізілген «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Тапсырушыларды бақылауға жасанды интеллект қолданылады. ҰБТ барысына мониторинг жүргізу күшейтілді.