Оның айтуынша, республика бойынша 2023 жылы ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,5 млн тоннаны құрады. Өнеркәсіп салалары бөлінісінде электр энергетикасына 37%, тау-кен металлургия секторына - 30%, мұнай өндіруге - 20%, басқа салаларға - 13% келеді.

Республика қалаларында атмосфералық ауаның ластануының негізгі себептері жылу көздері - ЖЭО, қазандықтар, өнеркәсіп, ескірген кәріз-тазарту құрылыстары, автокөлік және жеке сектор болып табылады.

«Өндірістік объектілерден қоршаған ортаға шығарындыларды азайту мақсатында Министрлік ең ірі 50 өнеркәсіптік кәсіпорын үшін шығарындыларды 20%-ға төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті; өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары іс-шараларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруда. Өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 18 Жол картасы бекітілді. 532 іс-шараның 204-і орындалды», - деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құралдарының құрылысы аяқталды, Арал қаласында қуаттылығы жылына 37 мың тонна ҚТҚ полигоны салынды, Ақмола облысының Аршалы ауданында жел электр станциясы іске қосылды, Түркістан облысында «Түркістан жылу» МКК қазандығы табиғи газға ауыстырылды, «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданды. Автожанармай құю станцияларында өткізілетін отын сапасын бақылау функцияларын уәкілетті органға беру көзделген.