ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, ахуалдық орталық, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, құзыретті органдардың жедел ақпаратын және еңбек ұжымдарындағы ахуалды тұрақсыздандыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпаратты күнделікті талдауды жүзеге асыра отырып, кәсіпорындардағы ахуалды қадағалау бойынша мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестердің қадамдық өзара іс-қимылын регламенттейді. Ахуалдық орталықта еңбек тәуекелдерінің мониторингі мен талдауы әрбір нақты кәсіпорын деңгейіне дейін қамтамасыз етіледі.
Осы жылдың басында республика бойынша мониторингте 127 кәсіпорын болды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бақылаудағы 50 кәсіпорында проблемалық мәселелер шешілді.
«Бүгінгі таңда 77 кәсіпорын бақылауда, олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша шаралар қабылдауда. Биыл республика бойынша 13 кәсіпорында ереуілдер болды. Қызметкерлердің негізгі талаптары - жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес тәуелді ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу, қызметкерлерді босату тәуекелдері және т. б. Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық сала кәсіпорындарына тиесілі. Сондай-ақ, наразылықтардың туындау себептерінің бірі сервистік компаниялардың келісімшарттардың қысқа мерзімділігіне байланысты», – деді спикер.
Барлық ереуіл ҚР Еңбек кодексінде белгіленген қызметкерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өтті, осыған байланысты 5 соттың шешімдерімен ереуілдер заңсыз деп танылды. Ағымдағы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 126 кәсіпорнында 1,5 млрд теңгеден астам сомаға 9,7 мың қызметкердің алдындағы жалақы бойынша берешекті анықтады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8,1 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалды. Оларға 890 млн теңге төленді. Жұмыс берушілерге 1 409 ұйғарым беріліп, оларға 170 млн теңгеден астам сомаға 1780 әкімшілік айыппұл салынды.
24 мамырдағы жағдай бойынша 29 кәсіпорынның 1,6 мыңнан астам қызметкердің алдындағы жалақы берешегі 682,6 млн теңгені құрайды.