Жалпы, климаттық өзгерістер, су ресурстарының тапшылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне және тұрақты дамуға қол жеткізуге тікелей әсер етеді. Климаттың өзгеруі егіншілік мәдениетінің өзгеруіне әкеледі.

«Барлық тәуекелдерді ескере отырып, Үкімет ылғал көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, осы жылы күріш алқабы 6,9 мың гектарға, мақта алқабы 16 мың гектарға қысқартылды. Болашақта бұл жұмыс жалғасады», – деді спикер.

Сондай-ақ табиғи тәуекелдерді азайтудың негізгі факторларының бірі ресурстарды тиімді басқаруды, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды және дамытуды қамтитын «жасыл» технологиялар мен тұрақты өндіріс болып табылады.

Осындай технологиялардың бірі су үнемдеу технологияларын қолдану болып табылады, сондықтан АШТӨ-ні су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында Министрлік тарапынан инвестициялық субсидиялау, сондай-ақ фермерлерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

2024 жылғы мамырдан бастап шығындарды субсидиялау нормативі су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға, сондай-ақ бүкіл паспорт бойынша инфрақұрылымға инвестициялық салымдар кезінде 80% құрайды, мұнда 30%-ы жергілікті бюджеттен субсидияланады.

Қосымша фермерлерді заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында 2023 жылдың шілде айында суару тәсіліне байланысты субсидиялар мөлшерін саралау бөлігінде фермерлерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. 

Яғни, су үнемдеу технологияларын қолданбай суару кезінде өтеу пайызы су беру әдісіне қарамастан үш жыл ішінде кезең-кезеңімен төмендейді және тариф құнына байланысты 30%-дан 55%-ға дейін болады.

«Суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып суару кезінде тариф құнына байланысты өтемақы 60%-дан 85%-ға дейін болады. Сондай-ақ биылдан бастап суару жобалары СҚО тәжірибесі шеңберінде кредиттелетіндер тізбесіне енгізілді, ағымдағы жылы жалпы сомасы 32,2 млрд теңгеге 44 жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді ведомство өкілі.

Осы шаралардың барлығы қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа-райына байланысты алынбаған егіннен АШТӨ үшін залалды азайту мақсатында ерікті сақтандыру жүзеге асырылады. Сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйақақыларын толығымен төлейтін болады.

Өз кезегінде, сақтандыру компанияларын осы бағдарламаға қатысуға ынталандыру мақсатында сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялаудың 80%-ы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Осы бағдарламаның операторы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ болып табылады. Сақтандырудың барлық процесі автоматтандырылған. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 500 мың гектарға жуық алқап сақтандырылған.