Қолданыстағы заңнамада радиофармпрепараттарды әуе көлігімен тасымалдау реттелмеген. Ол үшін қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізілді, әуежайлар, әуе компаниялардың қызметтері арасындағы өзара іс-қимылдың арнайы технологиялары әзірленді, логистика мамандары жұмылдырылды.  

«Бұл ұзақ және көп уақытты қажет ететін процесс болды. Екі жылдан кейін біз нәтижені көріп отырмыз. Air Astana авиакомпаниясы радиациялық жүктерді тасымалдауға лицензия алды. Қызметкерлерді оқыту, радиациялық фонды тексеру және анықтау үшін қымбат тұратын арнайы жабдықты сатып алу қажет болды. 21 - маусымда Алматыдан Шымкентке алғашқы жүк ұшырылды. Жақын арада Алматыдан Астанаға да тасымалдаймыз деген жоспар бар. Жақын арада басқа қалалардағы әуежайлардың қызметкерлерін осы жүктерді қабылдап, өңдеуге даярлау керек. Бұл жұмыстың барлығын осы әлеуметтік жоба бойынша өзіне міндеттеме алған әуе тасымалдаушы жүргізеді», - деп атап өтті спикер.