Конференцияға ШЫҰ елдерінің жетекші геологтары, ғалымдары мен мамандары жиналды. Бірнеше күн бойы қатысушылар геологиялық зерттеудің, минералды ресурстарды болжау мен игерудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Конференция аясында «Қытай-ШЫҰ» Жер туралы ғылымдар, палеотетистің тектоникалық эволюциясы мен минералдануы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетістіктері мен келешегіне, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы аймақта геологиялық зерттеулер мен минералдық ресурстарды болжау саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелерге арналған жетекші мамандардың баяндамалары ұсынылды.
Ерлан Акбаров Қазақстан мен Қытайдың геология саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық геологтардың атынан құттықтау сөз сөйледі. Ол қытай компаниялары Қазақстанда ресурстарды өндіру үшін геологиялық барлау жұмыстары мен инфрақұрылымға қомақты қаражат салатынын, қазақстандық тау-кен өнеркәсібінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін өз әзірлемелері мен тәжірибелерімен бөлісетінін атап өтті.
Геология комитетінің төрағасы Қазақстан мен Қытайдың геология саласындағы бірлескен жобалары туралы да айтты. Атап айтқанда, ол Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аумақтарының орындалған геологиялық карталарын байланыстыру жөніндегі жоба туралы, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Моңғолия елдерінің қатысуымен іске асырылған Орталық Азия аумағындағы терең үдерістер мен кен орындарының металлогенезін зерттеу жөніндегі жоба туралы айтты.
«Аталған жобаларды бірлесіп іске асыру Қазақстан аумағында бөлінетін өңірлік геологиялық құрылымдардың Орталық Азияның жаһандық геологиялық құрылымдарымен байланысын талдауға және пайдалы қазбаларды орналастырудың металлогендік заңдылықтары туралы жаңа ақпарат алуға мүмкіндік береді», – атап өтті Ерлан Акбаров.
Халықаралық конференция барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе, біліммен алмасып, бірлесіп жұмыс істеудің жаңа бағыттарын анықтады.
Қазақстан мен Қытай 2004 жылдың мамыр айында құрылған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кіші комитеті шеңберінде бұл бағытта ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен іс-шаралар аясында қазірдің өзінде 11 кездесу өтті.