Бүгінде министрлік Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін сақтау және арттыру бойынша жүйелі жұмысты бастап кетті. Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, ол бойынша 20 жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ 15 су қоймасын және 14 мың км астам суару желілерін қайта жаңарту көзделген. Еліміздің барлық өңірлерімен бірлесіп, 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспары және 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасы жасалды.

Биыл министрлік су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны қолға алды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1,1 млн тұрғыны бар 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады.

Жұмыстың тағы бір бағыты - судың «қара нарығымен» және су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күрес. Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізуде. Мәселен, Жамбыл облысындағы аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталып, тексеріс материалдары уәкілетті органдарға жіберілді.

Бұдан бөлек, Жаңа Су кодексінде уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, жедел ден қою шараларын қабылдаудың жаңа құралдарын енгізу үшін қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізіледі.

Еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе көбейіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.

Сала мамандарын қолдау және ынталандыру министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. 2024 жылғы 1 қаңтарда айлықтары тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының еңбекақылары орта есеппен 23%-ға көтерілді. Ал, 1 мамырда еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін «Қазсушар» мекемесі қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 25%-ға өсті.

Су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыру мақсатында «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Биылдан бастап қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.

Жыл басынан бері Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізді. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу жөнінде мәмілеге келді.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2030 жылға қарай суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарлануда. Сонымен қатар, фермерлердің су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайды.

Сондай-ақ, Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты және Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.