Оның айтуынша, соңғы 4 жылда түрмедегі адам саны 7 мыңға өсті. Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы және жол-көлік оқиғалары саласында заңнаманың қатаңдатылуына байланысты. 

«Қазіргі таңда біздің елімізде 78 қылмыстық-атқару мекемесі жұмыс жасайды. Онда 37 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Оның 3 мыңға жуығы – әйелдер және 50-ден астамы кәмелетке толмағандар. Атап айту кету керек, 37 мыңның 93%-ы – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар. Бұл ретте сотталғандардың 45%-ы бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар. Бұл жағдайда біздің қоғамның ең күрделі санатымен жұмыс істеп жатырмыз деп сенімді түрде айта аламыз. Осыған қарамастан, мекемелерде жедел жағдай қазір тұрақты және бақылауда», – деді спикер.   

Қамаудағы әр адаммен психологтар мен басқа да қызметтер кешенді жұмыс жүргізеді. Жүйе қызметінде басты назар азаптау мен қатыгездік қарым-қатынасты жоюға бағытталған. Сондықтан, еліміздің пенитенциарлық жүйесінде ашықтық және анықтық саясаты іске асырылуда. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, қоғамдық-бақылау комиссияларымен, ұлттық алдын алу тетігімен белсенді іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Бұл ұйымдардың өкілдері мекемелерге баруға, қамаудағылармен кездесуге, сондай-ақ құқықтардың сақталуына мониторинг жүргізуге және әлеуметтік іс-шаралар өткізуге құқылы.

Тұрақты бақылауды прокуратура органдары да жүзеге асырады. Биыл сотталғандарға қатысты қызметкерлер тарапынан азаптау фактілері тіркелмеген. Сонымен қатар, жекелеген сотталғандар жазаны өтеу тәртібін сақтамайтынын ескеру қажет, ол үшін олар әкімшілікке қысым жасаудың түрлі арандатушылық тәсілдерін, оның ішінде жалған шағымдануды қолданады. Осыған қарамастан, сотталғандардың зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарламасы немесе қатыгездіктің өзге де заңсыз шаралары төтенше жағдай ретінде қабылданады. Мұндай хабарламалардың барлығы міндетті түрде тіркелуге жатады және олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.