«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Күрті-Бұрылбайтал» автожолының 2214-2295 шақырымы аралығындағы қайта жаңартудан өткен учаскесінде (Алматы облысы бойынша) жол қозғалысын ресми түрде ашты. Ұзындығы 81 шақырымды құрайтын учаске «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды бөлігінің бірі.
«Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізі Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарын байланыстырады. Оның халықаралық, облысаралық, жергілікті көлік және жүк тасымалын қамтамасыз етуде маңызы зор. Қайта жаңарту жобасы барысында осы дәлізге қарасты Алматы облысы бойынша 166 шақырым жолды жаңарту жоспарланған.
Қайта жаңартудан өткен автожол І-б техникалық санатына ауыстырылып, екі бағытта төрт жолақты қозғалыспен қамтамасыз етілді. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 млн м³ астам жер жабыны орналастырылып, 1,5 млн м² аса үш қабатты асфальтбетон төселді. Сондай-ақ 8 көпір мен 66 суөткізгіш құбыр орнатылды. Автожолдың жаңа учаскесі қауіпсіз жол қозғаласының заманауи талаптарына сай және жол қозғалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті құрылғылар орнатылған.