Оның айтуынша, жоғары курс студенттеріне жатақханадан орын жетпегенде, оларға ЖОО мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған жеке меншік жатақханалармен келісімшарт жасасып, сол жерден орын ұсынуға тиіс. 

«Бүгінгі таңда әр ЖОО жанынан ситуациялық және кризистік орталықтар ашылған болатын. Осы кризистік орталықтарда кез келген студент бірінші кезекте өзі оқитын университеттің ситуациялық орталығына хабарласуы керек. Сол ситуациялық орталықта әрбір университет өзінің жатақханасында қанша орын беруге дайын, студенттің басым топтарға жататынын-жатпайтынын анықтай отырып, егер университет жанындағы жатақханада орын болмаса, басқа жеке меншік жатақханаларда, жеке меншік студенттер үйінде, қай жерде орын бар, жеке меншік жатақхана мен университет келісім-шарты бар, осының барлығы туралы студентке ақпарат береді», – деді ведомство өкілі. 

Алматы мен Астана қалаларында мемлекеттік кризистік орталықтар жұмыс істейді. Студенттердің жатақханаға орналаспайынша, сәйкесінше 30 және 20 орындық орталықтарда тұруына мүмкіндік бар. 

Қазір барлық жатақханаларда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік бұл жұмыстарға мониторинг жүргізеді. Арнайы топ Алматы мен Астанадағы жатақханаларды тексеріп шықты. Мұндағы дезинфекциялық жұмыстар қадағалауға алынды. Омбудсен институты да жауапты ведомство өкілдеріне қолдау көрсетіп жатыр. «Қош келдің, студент» жобасы қолға алынып, жастарға жәрдем берілуде.