ОКҚ алаңында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев атап өткендей, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде тамақпен, заттай мүлікпен, медициналық қызметтермен және тұрмыс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Ақшалай үлес айына 3539 теңгені құрайды, олар бұл қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсай алады, сондай-ақ оларға пошта жөнелтілімдеріне өтемақы төленеді.
«Сонымен қатар сарбаздардың өмірі қоғамдық бақылауда екенін атап өткен жөн. «Сарбаздардың аналар комитетіне» толық қолжетімділік берілді. Сарбаздарды туыстары және жақындарымен бейнебайланыс арқылы қамтамасыз ететін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі белсенді жұмыс істейді. Қыркүйек айында Павлодарда сарбаздардың аналар комитетінің қолдауымен Қазақстанда алғаш рет форум өтті, оған әскерилер, сарбаздар аналар комитеті және ҚР Мәжілісінің Қорғаныс комитетінің төрағалары қатысты», - деді спикер.
Рейтинг автоматты түрде анықталады және мерзімді әскерилер жоғары оқу орындары бойынша бөлінеді, оларға электрондық кітапханаға – «Срочники 2.0» цифрлық платформасына кіруге жол беріледі. Бұдан бөлек, «ARMIA.KZ» ақпараттық сервисі әзірленді. Инновация Қарулы Күштерді цифрлық трансформациялау және «Ашық үкімет» қағидаты бойынша ел азаматтарымен өзара іс-қимылды жақсарту шеңберінде енгізіледі.
«Бұл сервисті Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми взводында мерзімді әскери қызмет өткеретін ІТ-білімі бар сарбаздар әзірледі. Жоба мобильді қосымша түрінде жүзеге асырылады, сонымен қатар веб-сайт ашылды. Жобаның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Әскери қызметі мен Қарулы Күштері туралы ашық, шынайы және өзекті ақпарат беру арқылы азаматтардың Қарулы Күштерге деген сенімін арттыру болып табылады», - деді ҚК өкілі.
Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында ағымдағы жылы Мемлекет басшысы білім беру секторында және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарға жатақханадан басым орын алу, сондай-ақ кредиттік каникулдар беру сынды жеңілдіктерді заңнамалық түрде бекітті.
Қабылданған түзетулерге сәйкес мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің кредиттік міндеттемелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мерзімді әскери қызметті өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қамтитын кезеңге қарыз бойынша сыйақы есептемей беріледі.
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың оқу орталықтарында әскери қызметшілерге мемлекеттік үлгідегі куәліктер бере отырып, әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жүргізіледі. Сонымен қатар жыл басынан бері Қарулы Күштердегі үгіт-түсіндіру жұмыстарының қорытындысы бойынша запасқа шығарылатын мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатарынан келісімшарт бойынша әскери қызметке 600-ден астам адам айқындалды.
Сондай-ақ 2024 жылдан бастап олардың жеке қатысуын талап етпейтін 17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке қою процесі автоматтандырылды. Егер «қолмен енгізу» режимінде 120 мыңға дейін жас қазақстандық есепке алынса, цифрландыру олардың санын 170 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Мерзімді әскери қызметке шақырылатын шақыру учаскелеріне жатқызылатын азаматтарды медициналық куәландыру процестерін цифрландыру мақсатында медициналық ақпараттық жүйелерді өңірлердің шақыру пунктерімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.