Енді 40 күндік қызметке түсу үшін балалар қағаз құжаттарды жинап, тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариаттарға тапсырып, өтініш жазып, кезекке тұруы керек, өйткені ӘТМ-те орын саны шектеулі.  

«Қазір жұмысты Цифрлық даму министрлігіне қарасты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен белсенді жүргізіп жатырмыз. Бұл шешімдер цифрлық форматқа көшіру және трансформациялау ғана емес, сонымен қатар кейбір процесті өзгерту, өтініш беруші үшін оңайлату үшін қажет», – деп түсіндірді ОКҚ баспасөз конференциясында ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев. 

Бұдан бөлек, ведомство Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, №3 қалалық емхананың қатысуымен Алматы ауданындағы шақыру пунктінің базасында азаматтарды медициналық куәландыру процестерін цифрландыру бойынша пилоттық жобаға бастамашылық жасады. 

Жүргізілген пилоттың нәтижесінде бұл бағыттағы цифрландыруды енгізу мынадай мүмкіндіктер беретіні анықталды: 

  • медициналық куәландырудың бизнес-процесін бақылауды автоматтандыру; 
  • электрондық медициналық жазбаларды пайдалану, медициналық комиссияның дәрігер мамандары мен медициналық мекемелер арасында медициналық ақпаратпен алмасу; 
  • әскерге шақырылғандардың әскерге жарамдылық дәрежесін анықтау үшін зертханалық және құрал-жабдықтық зерттеулерді цифрлық форматта алу; 
  • азаматтардың қанағаттануын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. 

Медициналық комиссияларды цифрландыру Шымкент пен Қарағанды облысында да басталды.