Оның мәлімдеуінше, облыстағы индустриялық аймақта бүгінгі күнге жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жалпы көлемі 2,8 га жер телімі негізінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы да қолға алынуда. Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндіктері жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инфрақұрылымдары дайын жер телімдері ұсынылатын болады. Бұл шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға Мемлекет тарапынан жасалып жатырған үлкен қолдау.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту да ерекше назарда.
«Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударып, «пайдаланылмай жатқан жер енді оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылатын болады» - деген еді. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың бірі - ол жайылым тапшылығы. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, осы бағытта жүйелі жұмыстар күнделікті түрде жүргізілуде. Мысалы, соңғы 3 жылда мақсатына сай пайдаланылмай отырған 620 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді өңір басшысы.
Сәйкесінше, 458 мың гектарға жуық жер учаскелері резервке қойылып, 140 мың гектар жер учаскелері елді мекен жерлер санатына ауыстырылып, осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер жалпы көлемі 607 мың гектар қосымша жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, 2022 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша жайылым тапшылығы 339 мың га құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 13 есе азайып, 25 мың га дейін төмендеді.
«Биылғы жолдауында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшудің маңыздылығына тоқталды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. Биылғы жылы облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 616 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны облыста толық аяқталып, 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақылдар, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды», – деді спикер.
Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60%-ы мал шаруашылығына тиесілі. Төрт түлік мал басының саны тұрақты артуда. Биыл алынған төлмен бірге ұсақ мүйізді мал басының саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара малы 1 млн, жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті. Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін толық пайдалану мақсатында жайылымдарды суландыру бағытында бірқатар ірі жоба іске асырылуда.
Мәселен, ұзындығы 186 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде, бүгінде ұзындығы 67 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» және 95 шақырым құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар Казталов ауданы Жалпақтал ауылынан жоғары орналасқан Қараөзен бойында сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын су қоймасының құрылысын келесі жылы бастау жоспарда бар. Биыл 12 мың га суармалы алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілген болса, 2030 жылға 36 мың га-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Суармалы алқаптарда картоп, көкөніс пен мал азықтық дақылдар өсіріледі.