Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін Мамандықтар атласы әзірленіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, IT салаларына қажетті кадрлар даярланады. 

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында еліміздегі алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Болашақ киберқауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады», – деді өңір басшысы.  

Ауыл шаруашылығы саласына соңғы 2 жылы 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Соңғы 10 айда негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынды. Сыр диқандары биыл 189 мың 449 гектар жерге егін екті. Өндірісте су үнемдейтін технологиялар қолдану қарқынды дамып келеді. Жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  5 есе артық. Су шығынын азайтуда лазерлік тегістеудің маңызы зор. Соңғы жылдары Сыр диқандары 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеді. Нәтижесінде су үнемделіп, өнімділік 30 %-ға артты. Негізгі дақыл күріш 85 мың 600 гектарға себіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды. 

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. 2022 жылдан бастап облыс аумағында жалпы құны 16 млрд 800 млн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6%-ға дейін жетті. Биыл өңірде 5 млрд 300 млн теңгеге 13 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін облыс аумағындағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі. 

«Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72%-дан 62%-ға дейін төмендейді. Президентіміздің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы салынуда. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңге инвестиция салды. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаражатына салынған ең ауқымды, теңдесіз жобалардың бірі келер жыл ел игілігіне табысталады», – деді облыс әкімі.  

Облыс бойынша жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Биыл жылумен қамту нысандарының желілерін жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде барлық тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасап жатыр.  

Бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны 26 млрд 200 млн теңгені құрайды. Келесі жылу беру маусымында қала толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 75%-ды құрайды. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 306 шақырым газ желілері салынуда.