Оның айтуынша, Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны – 147 млрд теңге. Жылдық қуаты: 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр үй тоқыма бұйымдары, 7 млн дана төсек-орын. Зауытта 4000-нан астам жұмыс орны ашылады. Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуге тиіс.
Бұдан бөлек, жүгеріні терең өңдейтін Крахмал-сірне зауыты салынуда. Жоба құны – 36 млрд теңге. Жылдық қуаты 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады.
«Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы өңірімізге тиесілі. Австралия елінің тәжірибесінде ет кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл бағытта 55 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылады. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 7,8 млрд теңгені құрайтын 2 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылды», – деді өңір әкімі.