Оның айтуынша, қазір облыстағы үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесі өзекті. Оны шешу жоспарына сәйкес, өңірде биыл 4200 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы екі жылда 27 мектептің құрылысы аяқталмақ. Нәтижесінде өңірдегі 9 үш ауысымдық  4 апатты мектептің мәселесі түбегейлі шешіледі.  

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық ғимарат пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 12 ғимараттың құрылысы аяқталады. Оған қоса, келер жылы 2 медициналық нысан ашылады. Бұл жобадан бөлек, биыл жергілікті бюджет есебінен 7 медициналық нысан тапсырылды.

«Президент тапсырмасына сәйкес біз мамандарды тартып жатырмыз. Оларға бір реттік үстемақы тағайындадық. Өткен жылмен салыстырғанда биыл оларға берілетін бір реттік көмекті 2 есеге ұлғайттық. Шалғай ауылдарға баратын дәрігерлерге 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге төленеді. Ал, облыс орталығында еңбек еткісі келсе 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі», – деді облыс басшысы.  

Нәтижесінде осы жылы 140-тан астам дәрігер жұмысқа қабылданды. Оған қоса облыс дәрігерлеріне арналған өңірлік бірегей тұрғын үй бағдарламасы арқылы 42 дәрігер баспаналы болды. Сондай-ақ 100-ден астам қызметтік пәтер сатып алынды.   

Жалпы осы жылы денсаулық сақтау саласын медициналық жабдықтарға жергілікті бюджеттен 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Медициналық ұйымдарға санитарлық көлік сатып алынды.  

Спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша, спорттың 17 түрімен 22 мың бала айналысады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 75,7%-ды құрады. Биыл 5 спорттық және 1 мәдени  нысан ашылды. 

«Қазіргі уақытта 14 спорттық нысанды жылдың соңына дейін пайдалануға береміз. Бұдан бөлек, 12 мәдениет үйінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Бұқаралық спортқа қолжетімділікті арттыру үшін спорттық инфрақұрылымды жүйелі дамытып жатырмыз. Соның әсері болар, спортқа әуес балалар саны артуда. Биыл олардың саны 20 мыңнан асты. Біз келер жылдан бастап спорт саласын цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, салаға бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторингті күшейтуіміз керек. Алдағы уақытта кәсіби спортшыларды іріктеу процесі және жалпы саладағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіледі», – деді спикер.  

Халық үшін маңызды тағы бір аспектілердің бірі – жол инфрақұрылымы. Жалпы Атырау облысында тас жолдың ұзындығы 1927 шақырымды құрайды. Былтыр өңірдегі жолдың қанағаттанарлық деңгейі  76%-ды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 78%-ға жетті. Биыл 312 шақырымнан астам жерге жол құрылысы жүргізілді. Шалғай елді мекендердің көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар жоба іске асырылуда. 

Атырау облысының басшысы Серік Шәпкенов өз баяндамасында өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның мәлімдеуінше, жалпы өңір халқының ауыз сумен қамту көрсеткіші 99,8%-ды құрайды. Биыл Қызылқоға мен Махамбет аудандарында 80 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 600 тұрғын ауыз сумен қамтылды. Бұдан бөлек, Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту станциясы қайта жаңғыртылды.  

«Қаладағы күніне 50 мың текше метр суды тазалауға қауқарлы №5 сүзгі станциясын жаңғыртуды осы айда аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі станциясын салуды жоспарлап отырмыз», – деді С.Шәпкенов.