Оның айтуынша, жыл басынан бері 9 мың орындық 9 мектеп, оның ішінде 1,5 мың орындық «ALTYN ADAM» жеке Инновациялық мектебі ашылды. Жыл соңына дейін 6,3 мың орындық тағы 5 мектепті қолданысқа беру жоспарлануда. Жалпы, соңғы үш жылда білім беру саласына 965 млрд теңге бағытталды.  

«Осы кезеңде оқытушылар құрамының саны 7,3 мыңға артты, 78 мектепті жаңғырту және 62 білім беру ұйымдарын күрделі жөндеу жүргізілді. Өткен жылдан бері 143 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында білім беру сапасының деңгейі 66,4%-дан 67,9%-ға дейін өсті. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелерге қатысуды есепке алу бойынша QR-код жүйесін енгізу кезектілікті өткен жылғы 8,7 мыңнан ағымдағы жылы 5,5 мыңға дейін төмендетуге және бір айда 800 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі басқару процестерін айтарлықтай жақсартады және ата-аналар мен қызметкерлерге қолайлы болып табылады», – деді облыс басшысы. 

Білім берумен қатар сапалы медициналық көмек көрсету де басымдықтардың бірі. Бүгінде 47 медициналық нысан салынуда, оның 38-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында.  Биыл Корея Республикасының Хюндэ ауруханасымен 200 төсек-орындық көпсалалы аурухана салу туралы меморандум жасалды. Құны 37 млн доллар болатын жоба күрделі ауруларды емдеуге мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 79%-дан 90%-ға дейін өсті.  

Әкімдіктің гранты бойынша ағымдағы жылы 53 резидент оқуды аяқтап, облыс аудандарына жұмысқа жіберілді. Бұл дәрігерлік кадр тапшылығын 125-тен 61-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.  

«Мәдениет және спорт саласына тоқталсақ. Райымбек және Кеген аудандарында мәдениет үйлері салынды. 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде, Кеген ауданындағы 2 мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО деңгейінде атап өту аясында іс-шаралар ұйымдастырылды. Туған ауылы Нарынқолда жазушыға ескерткіш орнатылып, орталық саябаққа есімі берілді. Сондай-ақ, шығармалары шет тілдеріне аударылды. «Менің атым Қожа» кітабы француз тіліне аударылып, Парижде тұсаукесері өтті.  Сонымен қатар облысымызда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған Брайль шрифтімен басылған еліміздегі алғашқы қазақ тіліндегі «Айналайын» кітабы жарық көрді», – деді спикер. 

Кітап жасау бастамасы белгілі қазақстандық ақын Мақпал Мысаға тиесілі. Бұл жинақ балалардың дамуына тең мүмкіндіктер беріп, толыққанды өмір сүрулеріне ықпал етеді.  

Спортты дамыту мақсатында Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері және Іле ауданында Облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылды. Әлемдік ареналарда шеберліктің жоғары деңгейін көрсете отырып, соңғы үш жылда 22 спортшы алтын медаль иегерлері атанды. 

Сондай-ақ облыста үшінші жыл қатарынан Oceanman Kazakhstan танымал халықаралық ашық суда жүзу жарысы өтуде. Мұндай жарыстар бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, өңір халқының салауатты өмір салтын ұстануында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.