Оның хабарлауынша, жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 47 жаңа санитарлық-гигиеналық торап салынды. Олардың ішінде жылы әжетханалар, шағын дүкен мен кафетерийлер бар. Қазіргі таңда олардың санын 141-ге жетті. Алдағы жылдары осындай модульді кешендердің санын арттырып, жол бойындағы салқын әжетханалардың санын кезең-кезеңмен азайту көзделген. 

«Еліміздің шекарасында 52 көлік өткізу пункті бар. 2030 жылға қарай 36 өткізу пунктіні қайта жаңартудан өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде көрші елдермен сауда-экономикалық қатынастардың дамуына септігін тигізеді. Бұдан басқа, 20 шекара заставаларының бөлімшелерін жобалау бойынша жұмыстарды бастадық», – деді спикер.

Жол-құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде жолдың сапасына баса назар аударылады. 2024 жылы мердігерлер салған жобалардан 2 900 ақау анықталды, оның 2 700 ақауы бүгінгі күні жойылды. Қалған ақауларды жою бойынша жұмыстар жалғасуда. Жүзеге асырып жатқан 255 жол-құрылыс нысаннының сапасын тексеруге 42 техникалық бақылау компаниясының 489 маманы жұмылдырылды.  

2024 жылы жұмыстарды сапалы орындамағаны үшін техникалық бақылау қызметтеріне 136,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 10 маман жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ республикалық автожолдарды қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстарын тиісті түрде орындамағаны үшін 8 мердігер компания соттың шешімімен жосықсыз компаниялар тізіміне енгізілді.  

Келесі жылы түрлі жол-құрылыс жұмыстарымен 8 284 шақырым жол, оның ішінде 994 шақырым қайта жаңарту, күрделі жөндеумен 390 шақырым және орташа жөндеумен 6 900 шақырым жол қамтылады. «Жезқазған-Қарағанды», «Сарыағаш қаласының айналма жолы», «Рудный қаласының айналма жолы», «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Қызылорда қаласының айналма жолы», «Түркістан қаласының айналма жолы», «Бейнеу-Бозой-Шалқар», «Қызылорда-Сексеуіл» және «Петропавл қаласының айналма жолы» жаңа жобалардың жұмысын бастау жоспарда бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған 10 мың шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі.