Оның хабарлауынша, атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да осы саладағы кәсіби ұйымдармен, бейінді министрлікпен ынтымақтастықта жүзеге асырылады.
«Ядролық және атом өнеркәсібі бойынша кадрларды даярлау еліміздің 6 ЖОО-да жүргізіледі. Бұл салада білім алушылар саны 921 адамды құрайды, оның 96%-ы мемлекеттік грант негізінде оқиды. Соңғы 3 жылда 1800-ден аса түлек университетті бітірді. Жалпы, осы салағы дайындық 2000 жылдан бастап жүзеге асырылуда және осы жылдар ішінде 4500-нан астам студенттер, магистранттар, докторанттар дипломдарын алды», – деді спикер.
Осы саладағы мамандарды сапалы даярлау үшін стратегиялық әріптестік шеңберінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы құрылды. Есенов университетінің базасында неміс техникалық университеттерінің консорциумы да жаңа форматтағы электрэнергетика саласының инженерлерін дайындауды бастады. Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің базасында өткен жылы Анхальт университетінің филиалы ашылды, онда Электротехника және энергетика бойынша мамандар даярланады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» жаңа ЖОО құрылды. Қазіргі уақытта бұл университет бас лицензия алды. ЖОО Финляндия университетімен және Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізілуде.
«Су саласы талапкерлер үшін тартымды болмай тұр. Мысалы, былтыр бөлінген 618 гранттың тек 48%-ы ғана игерілді. Осы бағытта министрлік кәсіби бағыттарды жандандыру бойынша жұмысын бастады», – деді ведомство өкілі.
2024 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру үшін басым мамандықтардың тізбесіне алғаш рет академиялық оқудан өту үшін алғаш рет «Су қауіпсіздігі», «Сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс» мамандықтары енгізілді.