Әскери шеруге 4 мыңнан астам адам қатысады, оның ішінде 200-ге жуық әйел әскери қызметші бар. Сондай-ақ, 300-ге жуық әскери техника мен авиация жұмылдырылады.
Парадқа қатысушылардың көбі елордаға келіп, қарқынды жаттығуларға кірісті.
«1 сәуірде әскери бөлім аумағында бірлескен дайындықты бастап кеттік. Дайындық үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде осы әскери бөлім аумағында жеке және бірлескен дайындық өтеді. Индустриялық аймақ аумағында механикаландырылған колоннамен бірлескен кешенді жаттығу өткізіледі. Үшінші кезеңде 3 және 5 мамырда елорда алаңында басты жаттығу өтеді», – деді ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Әскери парадқа дайындық темірдей тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
«Бұл әскери шеруге барлық әскери құрылымнан үздік болған әскери есептоптар қатысып жатыр. Сол себепті жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз», – деді ҚР ІІМ Ұлтық ұланның құрмет қарауылы ротасының взвод командирі Дархан Қалибаев.
Әскери парадта қазіргі заманғы және тарихи кезеңдегі әскери техникалар мен авиация үлгілері көрсетіледі. Олардың ішінде «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, «TEODor» роботехникалық кешені, есептеу-талдау станциясы, «EVO» Max 4T», «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары бар.
Жеңіс парадына дайындық — отандық армияның қуатын ғана паш етпейді, ол біздің өткенімізге деген терең құрметіміздің белгісі. Әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, әрбір екінші қазақстандық соғыстан оралған жоқ. 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылды. Майданға 1,5 мың вагон киім-кешек, азық-түлік жіберілді. Бұл – тарих, ол мәңгі жадымызда.