Оның хабарлауынша, жобалар жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша іріктеледі. Бұдан әрі олар халықаралық қаржы институттарымен келісіледі және Қазақстан Үкіметі бекітетін тиісті тізбеге енгізіледі. Бұл жобаларды әзірлеуді мүдделі мемлекеттік органдар мен МЖӘ орталығының қатысуымен халықаралық қаржы институттары іріктеп алған халықаралық консультанттар жүргізеді. Орталық басшысы тізімге енгізілген Қарағандыдағы университеттік аурухананың жобасын мысалға келтірді. Азия даму банкінің (АДБ) консультанттары конкурстық құжаттама әзірлеп, жеке әріптесті іріктеу бойынша халықаралық конкурс жариялады. Сондай-ақ қазір АДБ консультанттары Алматы қаласында студенттік жатақхананы салу және пайдалану жобасы бойынша құжаттама әзірлеуде. 

«Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, халықаралық инвесторлар МЖӘ жобаларының осындай пулының болуын мемлекеттің инвестициялық саясатының ашықтығы мен дәйектілігі ретінде бағалайды, бұл оның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Мұндай бірлескен жұмыс әлемдік озық тәжірибелерді қолдану есебінен аталған жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Аслан Калигазин. 

Ол процестің барлық қатысушысының кәсіби құзыреттерін дамыту мәселесіне де тоқталды. 2015 жылдан бастап МЖӘ дамыту орталығының базасында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық мамандарын оқыту жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда 800-ге жуық қатысушыны қамтитын 60-қа жуық семинар мен вебинар ұйымдастырылды. Ақтөбе, Алматы, Қонаев, Қостанай, Қарағанды және Түркістан қалаларында көшпелі семинарлар өтті. Сондай-ақ МЖӘ дамыту орталығы халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды. Мәселен, ЕҚДБ, АДБ және IFC қолдауымен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 67 қызметкері үшін МЖӘ саласындағы мамандарды сертификаттаудың халықаралық бағдарламасы бойынша оқыту жүргізілді.