Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін мәслихаттарға қолданыстағы ставканы 2% мөлшерінде сақтау ұсынылады.
«Биыл шағын және орта бизнесті қолдауға түрлі бағдарлама, субсидиялар мен гранттар арқылы 14,5 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлерден түсетін бюджет кірісі 16%-ға тең, салық түсімдері өсіп, 10 айда 299 млрд теңгені құрады. Шағын және орта бизнесті дамытуға сауда, әсіресе, цифрлық сату каналдарын белсенді қолданатын көтерме және бөлшек сауда желісі айтарлықтай үлес қосып отыр. Жыл қорытындысы бойынша сауданың ішкі айналымы 5,6 трлн теңгеге жетеді – бұл ел бойынша 4 орын», – деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы – аймақтың негізгі салаларының бірі. Аграршылар егіс алқаптарын, оның ішінде майлы дақылдарды 78 мың гектарға дейін ұлғайтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп және жемшөп дақылдары 55,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды, бұл 26%-ға артық. Нұра ауданында сүт-тауар фермасы іске қосылды. Қуаты – жылына 1 100 бас және 9 мың тонна сүт. Бұқар жырау ауданында қуаттылығы жылына 200 тонна сүт өңдейтін зауыт іске қосылды. Осакаров ауданында 6 мың ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл жыл сайын 55 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.
«Саумал Биотех» жұмысын атап өткім келеді. Зауыт бие мен түйе сүтінің мұздатылған кептірілген қоспаларын, сондай-ақ ит пен мысық азығын шығарады. Кәсіпорын былтырдан бері өз өнімдерін АҚШ-қа экспорттайды, Қытаймен ынтымақтастық орнатты. Бұл – шетелде сұранысқа ие және шетелдік аналогтармен бәсекеге қабілетті өнім шығарудың айқын мысалы», – деді әкім.
Ауыл шаруашылығына инвестициялар екі есе – 44 млрд теңгеге дейін өсті. Аграрлық секторда 47 млрд теңгеге 31 жобаны іске асыру жоспарланған. Қосымша 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. 26,9 млрд теңгеге 18 жоба іске қосылды, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие беру үшін 800 млн теңге бөлінді. Азық-түлік өндірісіне құйылған қаражат 9 айда 2,6 есе өсіп, 7 млрд теңгені құрады.
Ал, аймақта бағаны тұрақтандыруға 2,8 млрд теңге бөлінді.
«Бағаны ұстап тұру үшін жергілікті өндірушілермен форвардтық шарттар жасасамыз, наубайхана кәсіпорындарын қолдаймыз, әлеуметтік павильондар ашамыз, онда фермерлер өз өнімдерін тікелей сата алады, тегін сауда орнын алады. Біреуі қазірдің өзінде ашылды, тағы екеуі ашылуға жақын. Әлеуметтік павильондар-бұл қала тұрғындары үшін арзан табиғи өнімдерді сатып алудың нақты баламасы және фермерлер үшін қосымша нарық мүмкіндігі», – деп қорытындылады Е.Бөлекпаев.