Спикердің мәліметіне сәйкес, халық саны 5 мыңнан асатын 286 ауылдық елді мекен бас жоспармен қамтамасыз етілген. 8 елді мекеннің бас жоспарлары түзетіліп, жаңартылуға тиіс.

«Саны 5 мың адамнан аз 5867 елді мекеннің 4320-сы қала құрылысы құжаттамасымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 847 ауылдық елді мекен бойынша құжаттарды түзету және жаңарту талап етіледі. 1547 ауылдық елді мекен бойынша бас жоспарлар жоқ. Халқы 50 адамнан аз 489 ауылдық елді мекенге қатысты әкімдіктер экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан бас жоспарды әзірлемей, әзірге тек схемалық орналастырумен шектелу туралы шешім қабылдады», – деді спикер.

Цифрлық қала құрылысы құжаттарының біркелкілігі мақсатында бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының құрылымы мен жіктеуіштері бекітілді.

«Барлық бекітілген және ережеге сәйкес қала құрылысы регламенттері мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады. Қазірдің өзінде жүйеде ірі елді мекендердің инженерлік желілері мен жергілікті атқарушы органдар берген 730-дан астам қала құрылысы жобалары қамтылған», – деп атап өтті Бақытжан Жүнісбеков.

Спикер хабарлағандай, жүйенің негізгі міндеті қала құрылысы кадастрының деректерін толтыру және өзектендіру, халық пен бизнесті инженерлік желілер мен қала құрылысы жобалары туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және тиісті құжаттардың қолжетімділігін арттыру болып табылады.