Науқанға ел бойынша шамамен 10 мың полиция қызметкері тартылған. 100 мыңға жуық кеңес берілді. Спикердің айтуынша, елдегі әрбір тұрмыстық оқиға тәуекелді бағалаумен қатар жүреді. Тәуекелі жоғары отбасылар полицияның ерекше бақылауына алынған. Комитет төрағасының м.а. бұл мәселеде қоғамның: ҮЕҰ, БАҚ және полицияның күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өтті.

«Заңнамалық өзгерістер, оның ішінде ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту нақты нәтиже көрсетті. Тұрмыста ең қауіпті қылмыстар саны айтарлықтай азайды: аса ауыр қылмыстар – 24%, ауыр қылмыстар – 7%, кісі өлтіру – 26%, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 11%, орташа ауырлықтағы қылмыстар – екі есеге жуық. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмысы да күшейтілді. 87 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды, 26 мыңнан астамы қамауға алынды, 77 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылды, соттар агрессорлардың мінез-құлқына қатысты 17,5 мың ерекше талап белгіледі», – деді спикер.

Әлібек Кеңіспаев Тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалаудың ұлттық стандарты енгізілгенін де хабарлады. Бұл – халықаралық деңгейде ғылыми апробациядан өткен әдістеме. Оның аясында 47 мыңнан астам сауалнама жүргізілді, қайта күш қолдануы мүмкін деген 1 мыңнан астам тұлға анықталды. 500-ге жуық құқық бұзушы ерікті түрде психокоррекциялық бағдарламаларға жіберілді, тағы 617-сі сот шешімімен жөнелтілді.

Спикердің айтуынша, елде агрессорды уақытша тұрғылықты жерінен шығару шарасын қолдану тәжірибесі іске қосылды. Бұл шара 42 құқық бұзушыға қатысты қолданылды.

Сондай-ақ ІІМ  70 дағдарыс орталығымен өзара іс-қимылды жолға қойған. Тек өткен 10 айда бұл орталықтарға 8 мыңға жуық жәбірленуші жіберілді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтайтын мобильді топтар жұмыс істейді. Биылғы қаңтардан бастап әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері базасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Штат саны – 700-ден астам адам.