«2025 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 25%-ға артты. Бұл ретте, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы 2 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы мен 1 емхана салынды. Сонымен қатар 32 нысанның  құрылысын бастау және жаңғырту жобалары пысықталып жатыр. 2025 жылы жедел медициналық жәрдем көлік паркі 37%-ға жаңартылып, 50 машина сатып алынды. Жыл басынан бері ана өлімі 48,2%-ға, сәби өлімі 5,4%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 16%-ға азайды», – деді қала басшысы.

Әкімнің мәлімдеуінше, Алматы – жастар қаласы. Сол себепті олардың білім алып, еңбекке араласуы ерекше назарда. Биыл 11 комьюнити орталық және 4 «Нарко-STOP» орталығы ашылды. 33 жұмыстан тыс уақытты өткізу орталығы жаңғыртылды. Студенттік жатақханаларда 8 мыңнан астам  төсек орны жасақталды.

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2 мың 200 пәтер берілді. 3 спорттық сауықтыру кешені ашылды. Көше спортына арналған 50 инфрақұрылымдық нысан салынды. Бұл шаралардың нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3%-дан 6,4%-ға дейін төмендеді.

Жақында Алматы қаласын 2026-2030 жылдары дамыту жоспары қабылданды. Жоспар мегаполистің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Құжат тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын негізгі басымдықтарды айқындайды. Негізгі бағыттар: көлік жүйесін жан-жақты дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, цифрлық трансформацияны жеделдету және қаланың қауіпсіздік деңгейін арттыру.