ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, Конституциялық реформаға қатысты азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары e-Өтініш платформасына әлі де келіп түсуде. Қазір олардың жалпы саны 4 мыңнан асты.

Сонымен қатар ҚСЗИ басшысы азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастағанын атап өтті.

«Азаматтардың ұсыныстарында Конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділетке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей ықпал етуге тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан», – деді Жандос Шаймарданов.

Оның айтуынша, Конституциялық реформа азаматтардың қатысуымен және қоғамның қолдауымен жүргізіледі.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ұлттық және халықаралық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына назар аударды.

«Жаңа Конституция жобасында халықаралық келісімдер өз күшін сақтайды, алайда Конституцияға ғана ең жоғары құқықтық күшке ие болады. Мұндай үлгі халықаралық келісімдер мен Конституция нақты айқындалған иерархияда орналасқан мемлекеттердің басым көпшілігінің тәжірибесіне сәйкес келеді. Қайшылық туындаған жағдайда Конституция қолданылуға жатады. Бұл тәсіл халықаралық міндеттемелерді шектеуге бағытталмаған, керісінше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілі, өйткені халықаралық келісімнің конституциялық негіздерге сәйкестігі алдын ала тексерілмей автоматты түрде қолданылуына жол бермейді», – деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Өз кезегінде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы сапалы және мұқият зерделенген құжат деп атады. Омбудсмен қоғам елдің Негізгі заңын талқылаудың жауапты кезеңіне өткенін ерекше атап өтті.

Артур Ластаев Ата заңның жаңа жобасында адам құқықтары мен бостандығы толық сақталғанын айтты, бірқатар бағыттар бойынша күшейтілгенін айтты.

«Халықаралық стандарттар, ұлттық бірегейлік, мемлекеттік құрылыстың озық идеялары ескерілген сапалы және мұқият зерделенген құжат дайындалды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайды», – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеванің айтуынша, өмір сүру құқығы сияқты жекелеген құқықтар ешқандай жағдайда шектелмеуге тиіс. Сондай-ақ Конституция жобасы өскелең ұрпақтың мүдделеріне бағытталған заманауи даму бағдарларын айқындайды.

Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын талқылау әртүрлі буын өкілдерінің, түрлі мамандық иелері мен алуан көзқарастағы азаматтардың қатысуымен ашық форматта өтіп жатқанын атап өтті.

Конституциялық комиссия өз жұмысын жалғастырады.