Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкімет отырысында соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артқанын айтты. Егер 2022–2023 оқу жылында 380 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылына 586 грант қарастырылған.

Сонымен қатар, азаматтық авиация саласы үшін мамандарды оқытатын оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткіші байқалады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде студенттер контингенті де өсіп келеді. 2022 жылы Академияда 1 438 студент білім алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 478 адамға жеткен. Яғни соңғы төрт жылда өсім 72%-дан асты.

«Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол 90%-ға жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етуде», — деді Гүлзат Көбенова.

Сондай-ақ Академияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде. AI-SANA бағдарламасы аясында мыңнан астам студент цифрлық құзыреттерді меңгерді. Екі мыңнан астам білім алушы Coursera платформасында оқудан өтті.