Ол 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен утилизациялық төлемдер есебінен жеңілдікпен қаржыландыру механизмі іске қосылғанын атап өтті. Бұл – қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алуға 15 жылға 3%-бен берілетін жеңілдікті несие. Бүгінде Министрлік жанындағы инвестициялық штаб жалпы сомасы 302,3 млрд теңгеге 61жобаны мақұлдады. «Жасыл даму» АҚ жалпы сомасы 113,6 млрд теңгеге 28 жобаны қаржыландырды. Осы соманың ішінен қарыз алушылар 89,9 млрд теңгені игерді. Өнеркәсіпті дамыту қоры 14 жобаны мақұлдады және олар қаржыландыру сатысында тұр. Сонымен қатар қазір Қорда қараудың ІІ кезеңінде 9 жоба бар. Сондай-ақ қараудың ІІ кезеңінен өту үшін құжаттар дайындап жатқан тағы 10 жоба қалды.
«Қалдықтардың қайта өңделмейтін фракцияларын кәдеге жарату мақсатында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс жағатын зауыт салу жоспарлануда. Өткен жылы қытайлық инвесторлармен инвестициялар туралы тиісті келісімдерге қол қойылды. Инвестициялардың жалпы көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 2 жыл. Жалпы алғанда, 3 зауыт тәулігіне 3600 тонна қалдықты кәдеге жаратып, кейіннен электр энергиясын өндіреді. Айта кетерлігі, бұл зауыттар өнеркәсіптік шығарындылар бойынша еуропалық директиваларға сәйкес келеді. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.
Халықты ынталандыру және мамандандырылған кәсіпорындарды қолдау мақсатында «Экоқолдау» төлемдер бағдарламасы екінші жыл қатарынан іске асырылуда. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 92 шарт жасалды, оның ішінде 62-сі – қалдық жинаушылар, 20-сы – қайта өңдеушілер және 10-ы – толық циклді кәсіпорындар. Бүгінге дейін 2,7 млрд теңге төленді, оның ішінде 4,6 млн теңгесі 2024 жылы, 884 млн теңгесі 2025 жылы, 1,8 млрд теңгесі 2026 жылы берілді. Бағдарлама аясында 103,4 мың тоннаға жуық қалдық қайта өңделді. Былтыр бұл бағдарламаға түзілетін қалдықтардың негізгі үлесін жинап, шығаратын қоқыс шығарушы ұйымдар қосылды. Бұл бөлек жиналатын қалдықтардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаны 2026 жылы іске асыруға 2,3 млрд теңге көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстанда Қалдықтардың барлық түрін басқару жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жүзеге асырылуда. Құжат қалдықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне көшуді және осы саладағы заңнаманы жетілдіруді қарастырады. 2030 жылға қарай радиоактивті қалдықтарды қоспағанда, қалдықтардың барлық түріне 100 пайыздық инвентаризация жүргізу, қайталама айналымға тартылған өнеркәсіптік қалдықтар көлемін 10%-ға арттыру, сондай-ақ полигондарға жіберілетін коммуналдық қалдықтар көлемін кемінде 10%-ға азайту жоспарлануда.
Қазір «Жасыл даму» АҚ-на Қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығы мәртебесін беруді, сондай-ақ қалдықтарды инвентаризациялау механизмдерін жетілдіруді көздейтін заңнамалық түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы заңнамаға талдау жасалып, қалдықтардың қозғалысын мониторингтеудің өңірлік ақпараттық жүйелерін бірыңғай цифрлық платформаға интеграциялау іске асып жатыр.