- Біздің жасақтар патрульдеуге күніне екі рет, күндіз де, кешке де шығады, - дейді кавалериялық взвод командирінің орынбасары Елжас Қалиев. - Олардың басты міндеті – мүлік ұрлығының алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Осы жұмыс істеп келе жатқан бірнеше жыл ішінде тұрғындар атты полицияны көруге үйреніп қалды, қажет болған жағдайда әрдайым бізге қолдау көрсетеді. Яғни, халық тарапынан сенім бар.

Батальондағы әрбір атқа жеке полиция қызметкері бекітілген. Ол жануарды өзі азықтандыруға, қызметке дайындауға және күнделікті күтім жасауға міндетті. Кавалериялық взводтың бөлімше командирі Даниял Егоров Ахиллес есімді атпен бірге жұмыс істейді. Полицейдің өзі серігін қырсық әрі мінезді деп сипаттайды, бірақ оны қатты жақсы көреді.

- Осыдан бес жылдай бұрын атты полицияға келген бойда өзіме бірден Ахиллесті таңдадым, - дейді Даниял. - Ол да басқа жылқылар сияқты таңертең, түсте және кешке тамақтанады. Рационы жем мен шөптен тұрады. Әрине, жазда біз де, өзіміз күзететін аймақта тұратын адамдар да Ахиллеске алма мен сәбіз беріп, еркелетеді.

Жұмыстың мұндай форматы өз тиімділігін дәлелдеуде: биылдың өзінде тәртіп сақшылары 30-ға жуық әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Негізінен, полиция кавалериясы ұсақ ұрлықтар мен қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайларын әшкерелейді.

Материал авторы: Асқар Ғазизов