Оның айтуынша, жаңғырту шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараттық жүйелердің жаңа архитектурасын бекітті. Ол жұмыс істеп тұрған платформалар санын 14-тен 5 негізгі жүйеге дейін қысқартуды көздейді.

Олардың қатарына Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘАЖ), Smart Data Finance (SDF), Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ), Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) және «Кеден» (АСТАНА-1) кедендік ақпараттық жүйесі кірді.

Спикер атап өткендей, бүгінде салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі бұған дейін жұмыс істеп келген жеті жүйені бір платформаға біріктірді. Атап айтқанда, ол «Салық төлеушінің кабинеті» мен «Дербес шоттарды басқару орталығының» орнын басты, бұл салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және деректер алмасуды жеделдетуге мүмкіндік берді. САӘЖ 75 мемлекеттік орган және банктермен интеграцияланған, соның арқасында жаңа жүйені бухгалтерлер, экономистер мен заңды тұлғалар белсенді түрде қолдануда.

Сондай-ақ, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, ескірген екі платформаның орнына келген Smart Data Finance жүйесі жаңа архитектураның негізгі элементіне айналды.

«Мемлекеттік органдардың 74 ақпарат көзінен үлкен деректерді жинақтау есебінен біз әрбір салық төлеушіге – жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да цифрлық досье қалыптастырдық. Оған жылжымайтын мүлік, көлік туралы мәліметтер және бұған дейін азаматтар салық есептілігінде өз бетінше көрсетуге мәжбүр болған басқа да деректер кіреді. Енді бұл ақпарат дерекқорға автоматты түрде түседі. Бұл проактивті декларациялауға және азаматтар мен бизнесті бүкіл өмірлік циклі бойы сервистік сүйемелдеуге көшуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Әсет Тұрысов.

Қаржы вице-министрі Қазақстанда Ұлттық тауарлар каталогы енгізіліп жатқанын хабарлады. Ол мемлекеттік анықтамалықтарды біріктіріп, әрбір тауарға – азаматтарға арналған ЖСН және заңды тұлғаларға арналған БСН секілді – бірегей идентификатор (NTIN) береді. Оның айтуынша, заң қабылданып қойған, ал елде NTIN қолданыла отырып 511 миллионнан астам чек басып шығарылған. Бұл мемлекетке тауарлар мен олардың құны туралы толығырақ ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, осы чектердің, электрондық шот-фактуралардың және сауда алаңдарынан алынған ақпараттың негізінде бағалардың бірыңғай базасы қалыптастырылуда. Ол мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік жоспарлау кезінде тауарлардың құнын тексеру үшін пайдаланылады.

Әсет Тұрысов Қазақстанда «Кеден» жаңа кедендік әкімшілендіру жүйесін енгізу толық аяқталғанын атап өтті. Оны іске қосу 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүргізілді: алдымен транзит модульдері, ал 2026 жылдың сәуір айында тауарларға арналған импорттық декларацияларды өңдеу функционалы (Импорт-40) енгізілді.

«Бүгінде жаңа жүйеге көшу толық аяқталды. Бұл – қазақстандық мамандар әзірлеген отандық өнім және ол өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді», – деді Тұрысов.

Болашақта Қаржы министрлігі жүйеге жасанды интеллект технологияларын біріктіруді жоспарлап отыр. Олар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кедендік декларацияларды автоматты түрде толтыруға және тауарларды шекара арқылы өткізу кезінде алдын ала декларациялауды рәсімдеуге көмектеседі.