Ол бұған дейін мемлекеттік органдар бір-бірінің балансында қандай мүлік бар екенін көре алмағанын, ал өзара іс-қимыл жасау үшін бағалау жүргізіп, көптеген хат жазу қажет болғанын түсіндірді. Қазір 2,2 миллионға жуық нысан цифрландырылды. Жүйе мемлекеттік органдарға басқа ведомстволарда бар мүлікті көруге және оны алуға автоматты түрде өтінім беруге мүмкіндік береді. Мысалы, бұл автокөлікті беруге қатысты болуы мүмкін.

«Бұл бюджеттік жоспарлау кезінде өте маңызды. Мысалы, біз өз шығыстарымызды оңтайландыруды жоспарлап отырмыз делік, дәл осы уақытта бір мемлекеттік орган көліктен бас тартты, ал екіншісіне ол қажет. Егер өтінім беріп, осы автокөлікті алуға болатын болса, жаңасын сатып алудың не керегі бар», – деді спикер.

Сонымен қатар, вице-министр кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасау мәселесіне тоқталып өтті. Қазір бизнес түрлі қызмет пен сервисті алу үшін Қаржы министрлігімен жеті бөлек цифрлық платформа, соның ішінде мемлекеттік сатып алулар, салық төлеушінің кабинеті және электрондық шот-фактуралар жүйесі арқылы байланысады. Сондықтан Қаржы министрлігі кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетін кезең-кезеңімен енгізуде. Сервис қазір жұмыс істеп тұр, ал оның ведомствоның басқа жүйелерімен толық интеграциялануы бір жыл ішінде жүргізіледі. Бұл сервис бизнестің мемлекеттік қызметтермен өзара іс-қимыл жасайтын бірыңғай нүктесіне айналады деп болжануда. Бүгіннің өзінде кәсіпкерлер жеке кабинетте тіркеле алады. Қаржы министрлігі азаматтардан пікірлер мен ұсыныстарды қабылдауға дайын.

Әсет Тұрысов атап өткендей, ел үшін тағы бір маңызды жоба – цифрлық теңге. Былтыр Ұлттық банкпен бірлесіп 20-ға жуық пилоттық жоба іске қосылған.

«Бұл пилоттық жобалар жақсы нәтиже көрсетті. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Үкімет цифрлық теңгені ауқымды түрде қолдану жоспарын бекітіп қойды. Нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету де мақұлданды», – деп нақтылады ол.