Қазіргі уақытта пилоттық жоба Ақмола облысы мен Алматы қаласында іске асырылуда. Жаңа тетік азаматтарға МӘС бөлімшесіне барудың өзіне қолайлы күні мен уақытын алдын ала таңдауға мүмкіндік береді. Бұл қызмет алушыларды қабылдау үдерісін тиімді ұйымдастырып, күту уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар электрондық кезек келушілер легін жұмыс күні бойына біркелкі бөлуге мүмкіндік беріп, қабылдауды ұйымдастырудың тиімділігін арттырады және азаматтар мен медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүзеге асыратын мамандар үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастырады.
Пилоттық жоба іске қосылғаннан бері алдын ала жазылу мүмкіндігін 2,8 мыңға жуық адам пайдаланды. Жоба аясында алынған тәжірибе жаңа сервистің тиімділігін бағалауға және оны әрі қарай жетілдіру бойынша нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді.
Заманауи цифрлық құралдарды енгізу медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Жаңашылдықтың басты мақсаты – МӘС жүргізудің қолданыстағы тәртібін сақтай отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру және оны азаматтардың қажеттіліктеріне барынша бейімдеу.