Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ведомство әзірлеген жаңа заң саланы жүйелі жаңғыртудың негізгі тетігіне айналды. Реформа аясында мемлекет қаржыландырудың неғұрлым ашық моделіне көшіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуын азайтты, сондай-ақ спорт резерві мен басым бағыттарды қолдауды күшейтті,.
Қазірдің өзінде реформалардың нақты нәтижелері бар:
- 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұған кәсіби клубтарды қаржыландыруға лимит енгізу және легионерлерді бюджет есебінен қаржыландырудан бас тарту ықпал етті;
- балалар спортына бөлінетін қаржы екі есеге жуық артты. Спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге арналған жылдық қаржыландыру 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылды;
- жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға өсті. Спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларының еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Қазіргі таңда 3 511 жаттықтырушы-оқытушы тиісті тестілеуге қатысқан.
«Бүгінде біз спортшылар мен спорт саласының өкілдері ретінде реформалардың жай ғана құжат емес екенін іс жүзінде көріп отырмыз. Министрліктің атқарған жұмысы – біздің салаға ұзақ уақыт бойы жетіспей келген өзгерістер. Бұл өзгерістер қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Оның нақты көрінісі – спортшыларымыздың жеңістері», – деді «Спортшылар кеңесі» атқару комитетінің төрағасы, күрестен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.
Сессия барысында спорт ұйымдарын басқару жүйесіндегі өзгерістер де атап өтілді. 2025 жылғы қыркүйектен бастап басшыларды ротациялаудың бірыңғай тәртібі енгізілді. Ал спорт ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау ашық конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 112 тағайындаудың 86-сы немесе 76%-ы конкурс нәтижесінде жүзеге асырылды.
Қазақстан спорт саласындағы реформалардың нақты нәтижесін көре бастады. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артып, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау күшейтілуде. Сонымен қатар спорт резервін даярлау жүйесі жетілдіріліп, саланы басқару тиімділігі артып, спортқа жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптасып келеді.