Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі Республикалық штабтың алғашқы отырысы өтті.

Штаб 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы аяқталғанға дейін жұмысын жалғастырады. Оның негізгі міндеті – көмір қорларының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету, логистиканың тұрақты жұмысын жолға қою және бүкіл жылыту маусымы бойы еліміздің барлық өңірлеріне көмірдің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету.

2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында өңірлерге шамамен 8,15 млн тонна көмір жеткізілді. Бұл жоспарлы көлемнің 109%-ын құрады. Ал алдағы жылыту маусымына қажеттілік 7,3 млн тонна көлемінде айқындалды.

Жаңа маусымда жеткізілімдерді бақылау бірыңғай цифрлық платформа арқылы күшейтіледі. Қазіргі уақытта елімізде 951 теміржол тұйығы және көмірді өткізумен айналысатын 586 оператор жұмыс істейді. Бұған дейін жеткізу тізбегінің әртүрлі кезеңдері бойынша ақпарат бірнеше дереккөзден келіп түскен. Енді олардың барлығы бірыңғай жүйеге біріктіріледі.

Платформа көмір қозғалысының – өндіру мен тиеуден бастап тасымалдау, қорларды жинақтау және түпкілікті тұтынушыға өткізуге дейінгі бүкіл тізбегінің бірыңғай цифрлық көрінісін қалыптастырады. Нақты уақыт режимінде көмір өндіру және тиеу көлемдері, көмірдің қозғалысы, тұйықтар мен қоймалардағы қорлар, бағалар, сондай-ақ өңірлер бойынша жоспарлардың орындалуы бақыланады.

Жүйе жеткізілімнің әртүрлі кезеңдеріндегі деректерді салыстыруға және ауытқуларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, қордың жеткіліксіз көлемі қалыптасқан, тиеу қарқыны төмендеген немесе жеткізу кестесінің бұзылу қаупі туындаған учаскелерді анықтауға болады. Бұл мәселе түпкілікті тұтынушыға әсер етпей тұрып, алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Біздің міндетіміз – жеткізілімдердің бүкіл тізбегін ашық әрі әрбір кезеңде көрінетін ету. Ең бастысы – ауытқуларды алдын ала анықтап, олардың халықты көмірмен қамтамасыз етуге әсер етуіне дейін қажетті шараларды қабылдау», – деді Комитет төрағасы Ержан Ертаев.

Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін жасанды интеллект элементтері арқылы кеңейту жоспарлануда. Бұл деректерді тереңірек талдауға және жеткізу тізбегіндегі ықтимал тәуекелдерді дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында көмір өндіруші кәсіпорындардың есептері тыңдалып, көмір өндіру, тиеу және өңірлерге жеткізудің қазіргі жағдайы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша негізгі міндеттер айқындалды.

Әкімдіктерге көмір қорларына тұрақты мониторинг жүргізуді, цифрлық платформадағы ақпаратты уақтылы жаңартуды және жеткізілімдерге қатысушылардың барлығымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды.

Көмір операторлары қоймалар мен тұйықтарда жеткілікті қор қалыптастыруға, көмірді үздіксіз өткізуді және халыққа тиісті қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ сұраныс шарықтаған кезеңде жүктемені арттыруға дайын болуға тиіс.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға жоғары жүктеме кезеңінде жартылай вагондарды уақтылы беруді және тасымалдау инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.

Көмір өндіруші кәсіпорындар өңірлердің өтінімдерін және қажетті тиеу көлемдерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сұраныс артқан жағдайда жеткізілім көлемін жедел ұлғайту мүмкіндігін сақтауға тиіс.

«Негізгі мақсат – халықтың бүкіл жылыту маусымы бойы қажетті көлемдегі көмірді уақытылы алуын қамтамасыз ету. Цифрлық мониторинг жеткізілімдердің бүкіл тізбегін көруге және туындайтын тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін көмір өндіруші кәсіпорындар мен тасымалдаушылардан бастап операторлар мен өңірлерге дейін барлық қатысушылардың үйлесімді жұмысы қажет», – деп атап өтті Ержан Ертаев.