Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз-конференциясына қатысқан БҚО әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Елбасының Жолдауында еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдерді енгізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары 2025 жылға дейін ұзарту туралы айтылған болатын. Биылғы жылы осы бағдарламаларға сәйкес Батыс Қазақстан облысына 36,3 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 19,1 млрд. теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасына 17,2 млрд. теңге қарастырылған.

 -Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасымен өңірімізде 3134 пәтерді құрайтын 26 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аудан-ауылдарда 327 пәтерлік 104 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін облыс орталығында 688 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үй, аудан-ауылдарда 139 пәтерді құрайтын 83 тұрғын үй пайдаланылуға берілмек,-деді Алтай Көлгінов.

Өңірде жеке инвесторлардың есебінен 1400 пәтерлі үй салынған болса, солардың ішінен 100 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген. Ал 280 пәтер аталған бағдарлама бойынша берілуге дайын тұр.

Бүгінде Орал қаласында апатты жағдайдағы 44 тұрғын үй тіркелген. Сол үйлерді бұзып, орнына жаңа көп қабатты үйлер салу мақсатына жеке инвесторлардан 13,5 млрд. теңге қаржы тартылып, бүгінде 17 үй қайта салынуда. Бұл үйлер бірінші кезекте бұрынғы тұрғындарға тегін берілетін болады. Ал қалған пәтерлер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен берілмек. Құрылысы жүріп жатқан бес көп қабатты үйдің екеуінің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдаланылуға берілетін болады.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің аясында 1800 студенттерге арналған бес жатақхана салу жұмыстары жүргізілуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жыл сайын облыс аумағындағы 500 шақырымдай жолдарға жөндеу жүргізілуде. Тек биылғы жылдың өзінде 450 шақырым жол салу үшін 32 млрд. теңге бөлінді. Республикалық маңызы бар жолдардың 285 шақырымы да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

-Жыл сайын біздің өңір арқылы 1 миллион 200 мыңдай автокөлік, 4 миллиондай жолаушы өтеді. Жақын жылдары бұл көрсеткіштің өсе түсері анық. Сондықтан болашақта Саратов, Самара және Атырау бағытындағы күре жолдарын байланыстыратын жол құрылысы жобасын бастау жоспарда бар. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ауыр жүк көліктері уақытты пен қашықтықты үнемдейді және облыс орталығына кіріп, көлік ағынына кедергі келтірмейтін болады, - деді А.Көлгінов

Облыс әкімі келтірілген мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы облыс орталығында 8,8 млрд. теңге қаражатқа ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 50 көше жолдары жөнделген. Сонымен қатар шаһардағы Депо ауданы маңындағы төрт жолақты көпір күрделі жөндеуден өтіп, пайдаланылуға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап Жәнібек, Бөкейорда аудандарына тас жолдың құрылысы басталады.