Республиканың және өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту бағытында Маңғыстау облысында инвестициялық құны 215 млрд. теңге болатын 9 ірі инвестициялық жобаларды іске асырылуда. Бұл туралы Орталық телекоммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау  облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

«Олар «Құрық портындағы паром кешені»,  «Шетпе - Бейнеу» 300 км, «Жетібай - Жаңаөзен» 73 км, «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» 84 км, «Құрық - порт Құрық»  22 км, «Ата жолы» 51 км, «Жыңғылды – Шайыр - Шерқала» 30 км, «Қияқты - Тұщықұдық» 23 км, «Ақтау - Қаламқас» және «Таушық - Шетпе» 84 км. Осы жобалардың ішіндегі ең ірісі Құрық портындағы паром кешені. Паром іске қосылғаннан бері 3 млн. тонна жүк жөнелтілді», - деді Е. Тоғжанов.

Автомобил кешені толық қуатына енген кезде  жүк тасымалының көлемі жылына 4 млн. тоннаға жетеді. Болжам бойынша, 2020 жылға дейін контейнерлік тасымал 60 есеге дейін артады.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл болжамды жүзеге асырудың негізгі факторларының бірі «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» шекарасы» автомобиль жолының іске қосылуы болмақ. Жаңа жолдың құрылысы тәулігіне 1,5 мыңнан 7 мыңға дейін артыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгінде облыс көлемінде жалпы ұзындығы 530 шакырым болатын жергілікті маңыздағы жолдардың құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде (364 км – құрылыс, 166 км – орта жөндеу).