Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Томирис» фильмінің тұсаукесеріне байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Режиссер Ақан Сатаев таспалаған фильм 27 қыркүйектен бастап елімізде прокатқа шығады. Осыған орай, брифингке ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов, «Томирис» фильмінің қоюшы режиссері Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын қатысты.

Ауқымды тарихи кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және «Sataifilm» компаниясы бірлесе түсірген. Фильмнің Бас продюсері Әлия Назарбаева.

"Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады", - деді Ақан Сатаев.

Естеріңізге сала кетсек, осы жобаның алдында Әлия Нұрсұлтанқызы режиссер Ақан Сатаевпен бірге халықтың көңілінен шыққан «Анаға апарар жол» фильмін шығарған болатын. Осыдан кейін бұл тандем аса қызығушылықпен және үлкен жауапкершілікпен «Томирис» тарихи фильмін түсіруге кіріскен болатын.

"Фильмды әлі көрмедім. Бұрын соңды актрисалық тәжірибем де жоқ. Бірақ осындай үлкен жобаға мені алып сенім артқан жандарға рахмет! Бұл мен үшін үлкен бақыт", - деді басты ролді сондаған актриса Альмира Тұрсын.

"Қазақфильм" АҚ Президенті Арман Әсеновтың айтуы бойынша, фильм бюджеті 10 миллион доллар шамасында болды.